Майдангер атам үшін мақтанамын

Жыл өткен сайын миллиондаған адам өмірін қиған Ұлы Отан соғысының қаһармандық эпопеясы тарихқа айналуда. Ұлы Отан соғысы аяқталуының және фашистік Германияны ойсырата жеңудің 76 жылдығы қарсаңында, сұрапыл соғысты басынан өткерген, екі рет жаралы болған атам жайлы айтқым келеді.

Менің атам Шыңғыс Қалжанұлы Біләлов 1924 жылғы 24 қыркүйекте Үлкенкөл ауылдық округінің Шұқыркөл ауылында дүниеге келді. Атамның өмір жолы оңай болған жоқ. Ерте жасынан оның бауырымен бірге жетім қалып, туыстарының қамқорлығында болды.

Қиын өмірлік жағдайға қарамастан, атам 1939 жылы Көкшетау педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Алға қойған мақсатына жетер-жетпесте, әскер қатарына шақыртылады. Алматы қаласында 6 айлық курсты бітірген соң, 168-ші атқыштар дивизиясының қатарына қосылып, 1942 жылы соғысқа аттанды. Осылайша менің атамның әскери жолы басталды. Алғы шептегі алғашқы күнінен бастап, атам соғыстың сұрапылдығын, көптеген жауынгерлердің және жерлесінің қаза болғанын көреді. Атам соғыс туралы айтқысы келмейтін, тек кей кездері ғана кейбір оқиғаларға аздап тоқталатын. 1943 жылғы ауыр қақтығыстар кезеңінде, атам ауыр жарақат алып, топырақ астында қалған. Жауынгер жолдастарының арқасында тірі қалады, өйткені, олар дер кезінде көріп, атамды топырақ үйіндісінің астынан қазып алып, әскери-дала госпиталіне жіберген. 3 айлық емделуден соң, атам қатарға оралып, 1944 жылға дейін майданда болды. 1944 жылы екінші рет жарақат алып, госпитальға түседі, госпитальдан кейін әскер қатарынан босатылып, денсаулығына байланысты елге оралады.

Соғыстан оралғаннан кейін, педагогикалық училищені бітірген атам өзінің еңбек жолын Көкшетау облысы Рузаев ауданындағы Сарадыр ауыл мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастады. Одан кейін мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары болды. 1965-1980 жылдары осы Сарадыр ауылында тәжірибе станциясында бөлімше меңгерушісі болып қызмет атқарды, нақ сол жылдары жаңа балабақша, жаңа мектеп, жаңа үйлер, мал қоралары салынды және мал басы көбейді. Соның нәтижесінде бөлімше КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысты.

1949 жылы атам менің әжем Күләш Қонаққызы Біләлованы кездестірді. Атам мен әжем 54 жыл өмірдің барша қызығын да, ауыртпалығын да бірге көрді. 3 ұл мен 4 қыз тәрбиелеп өсірді, 22 немере мен шөбере сүйді.

Атам бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» медалі және тағы басқа наградалармен марапатталған жан. Мен екі майданның да ері атамды өте жақсы көретінмін және осы күндері зор мақтанышпен еске аламын. Атам, біз үшін нағыз үлгі болатын, барлығымызды еңбекке, білім алуға, адал өмір сүруге баулыды, басқаға қиянат жасамауға үйретті. Қазір ол өкінішке орай, біздің ортамызда жоқ. Атам 2006 жылы қараша айында дүниеден озды, алайда, атамның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.

Жеңіс күні қарсаңында, Ұлы Отан соғысы ардагерінің ұрпағы бола тұрып, біздің жарқын болашығымыз үшін, сұрапыл соғыста қан төккен басқа да аталарымызға шексіз алғысымды білдіргім келеді. Ұлы Отан соғысының құрбандары мен ардагерлерінің алдында басымызды иеміз. Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!
Бауыржан БІЛӘЛОВ,
немересі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар