елге танымал абзал азамат А.Т.Садырбеков жайлы
Адам табиғаты қызық. Жас кезіңде алға ұмтылумен жүріп, артыңа қарауға мұршаң да болмай жатады. Ал, жас ұлғайып, саябыр тартқан шақта артыңа қайырылып, жүріп өткен өміріңді өзгеше бір өлшеммен саралап, салмақты бір ойларға берілесің. Осындай бір салиқалы сәтті басынан кешіп, жасы ұлғайса да жанына біткен сергектікті серік етіп, қастерлі қалпынан айнымай келе жатқан ардақты жанның бірі – елге еңбегі сіңген абзал азамат Аманкелді Төлеубайұлы Садырбеков.
Бұл есімді Ақмола облысына қарасты Қима мен Жақсы, Есіл өңірі, Қостанай облысына қарасты Аманкелді мен Жанкелдин, Арқалық аудандарының ел-жұрты өте жақсы біледі.Қайда жүрсе де, өзіне тән өрнегі сайрап жататын А.Т. Садырбековтің көзге түсетін бір ерекшелігі – қай іске кіріссе, сол жұмысты жапыра істеп, аяғына жеткенше тынбайтын бірбеттілігі мен талапшылдығы. Онымен қызметтес болған адамдар оның өткір де өжеттігін, туа бітті тура мінезін үнемі айтып жүреді.
Аманкелді Төлеубайұлы алғашқы еңбек жолын 1967 жылы Ақмола облысының Жақсы ауданындағы өзінің туған жері «Есіл» кеңшарындағы бөлімшеде жас маман болып бастап, көп ұзамай меңгерушісі атанды. Жасынан көзге түсіп, алға ұмтылған маманды аудандық комсомол комитеті қоғамдық жұмыстарға белсене араластырып, сол шаруашылықтың жастар ұйымын қоса басқартты. Аз уақыттың ішінде өзі қатарлы қыз-жігіттерге бас болып, аудандық іс-шараларға араласты. Осы кезден-ақ оның бойындағы ұйымдастырушылық қабілетін байқаған басшылар екі жылдан соң Жақсы аудандық комсомол комитетінің екінші, одан соң бірінші хатшылығына ұсынды. Көп ұзамай Торғай облысы ашылып, іргедегі Қима ауданы қайтадан құрылғанда жаңа облыстың партия комитетінің идеология саласы бойынша хатшысы болып келген Қазақстан комсомолының бұрынғы басшысы Өзбекәлі Жәнібеков оны жаңа ауданға комсомол ұйымының бірінші хатшысы етіп жіберді. Осы қызметте табаны күректей 7 жыл жұмыс атқарғанда жақсылардан үйрене жүріп, өзі де жастардың шын мәніндегі жетекшісі болып жетілді. Сол кезде өріс алған мектеп бітірушілерден құрылған қой өсіруші комсомол-жастар бригадасымен қатар, егіс-дала жұмыстарымен де айналысатын ұжымдарды да ұйымдастырып, олардың жағдайының жақсы болуымен қатар, келешекте жоғарғы оқу орнына түсіп, мамандық алып шығуын да естен шығармады. Қой бағып, егін еккен жас түлектердің болашақта алатын мамандығына сай сабақтарға дайындалуына мүмкіндіктер жасалды.
Жақсы ауданы орталығында бүгінде көпшіліктің сүйікті орнына айналған «Победа» паркі де сол кездерде аудан жастарының қамқорлығында болып, одан сайын қанат жайды.Саяси жағынан жетіліп, өзін көрсете білген жігітті Қима аудандық партия комитеті «Кеңарал» шаруашылығына партком хатшылығына жіберіп, еңбек адамдарымен қоян-қолтық араласуына тура келді. Бұл қызметте де шаруашылық басшысымен бірлесе отырып, ауыл өміріне қатысты мәселелердің дұрыс шешілуіне аянбай атсалысты. Осы жерден жоғарылап, Әбекеңнің Аманкелді ауданындағы «Қараторғай» кеңшарына директор болып аттанарында ауыл адамдарының қимастық білдіріп, «директорлық осы жақтан да табылады ғой» деп уәж айтқандары да болып еді. Осыдан 4-5 жыл бұрын елге барып, жастық шағы өткен Жаксы өңіріңдегі талай сыйласқан азаматтармен жүздесіп, өткен-кеткенді еске алғанда: «Аманкелді біз сені мақтаныш етеміз, облыс басшыларының бірі атандың, Президент аппаратында жауапты қызмет атқардың. Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарындағы Президенттің өкілі болдың. Жасыратыны жоқ, біздің елден шыққан азаматтардың ішінде осындай биікке қол жеткізгені өзің ғана» деп ел ағалары ағынан жарылғанда көңілге бір шуақ сезім ұялағаны бар. Айтса айтқандай,А.Т. Садырбеков басшылық жасаған «Қараторғай» кеңшары төрт жыл ішінде ауданда көзге түскен толыққанды елді мекенге айналды. Жаңа типтік тұрғыда салынған МТМ – гараж, Мәдениет үйі мен мектеп, балабақшасы, орталықтандырған су мен жылу жүйесі, тағы басқа қызмет көрсету нысандары жұршылықтың ризалығын тудырды. Маңайдағы кеңшарлардан келуге сұранған механизаторлар мен жұмысшылар аз болған жоқ. Мұғалімдер мен шаруашылық мамандары жаңа тұрғыда салынған шағын қалашыққа қызығушылық білдірді. Мал шаруашылығымен алысқа бармасын байқаған шаруашылық басшысы ол елдің әдетіне сіңіп үлгірмеген егіншілік кәсібін өзі бас болып енгізді. Абырой болғанда, алғашқы жылдың өзінде-ақ бітік астық шықты. Бұл ауыл адамдарының ынта-жігерін арттырып, сенімін күшейтті. Басқа да шаруашылық басшылары ойлана бастады. Жергілікті халықтың әлі күнге дейін аузынан тастамай айтатыны – осыған дейін реті келмеген қатынас мәселесінің оң шешім тауып көтерме жол салынуы. Әсіресе, өткел бермейтін «Қараторғай» мен «Саба» өзені, «Қайыңды» бойынан үш бірдей көпір салдырту – қол жетпейтін істей көрінетін.
Жасыратыны жоқ, бұл күрделі мәселенің оңтайлы орындалуына облыс басшысы Е.Н. Әуелбековтің тікелей көмегі тиді. Жыл сайын бір соғып, жаңа шаруашылықтағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып кетуді әдетке айналдырған облыс басшысына өтініп айтқан осы мәселе қолдау тауып, республикалық деңгейде жедел шешімін тапты.Негізінен алғанда, Садырбековтің іскерлік қабілеті мен шалымды іс-әрекеттері осы шаруашылықты ұйымдастыру барысында барынша танылды. Басшылардың әр қадамы мен аяқ алысын шамалап отыратын Әуелбеков тәрізді биік деңгейдегі басшының назарын өзіне аудара алды. Болашағынан үміт күттірер кадрларды үнемі қадағалап, әр салада сынақтан өткізіп шыңдап отыру – Еркін Нұржанұлының айнымас талабы болатын. Сондықтан да, Садырбековті ол жерде отырғызып қоюды жөн көрмеді – Амантоғай аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, одан соң көп ұзатпай Торғай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары етіп тағайындады.Еркін Нұржанұлы – қатаң талап пен темірдей тәртіптің адамы. Осы қызметте жүргенде облыс басшысы тарапынан берілген тікелей тапсырмалары мен перспективалық мәселелерімен де көбірек айналысуға тура келді. Обкомның бюросы мен мәжілістерінде Әуелбеков қойған талаптардан сүрінбей өту де кім-кімге болса да, оңай болған жоқ. Садырбеков те осындай шыңдалу мектебінен өткен Әуелбеков шәкірттерінің бірі екенін ешқашан жасырған емес. Сондықтан да болар, Еркін Нұржанұлына қатысты іс-шаралардың ортасынан үнемі табылып жүрді.
1986 жылы осыдан екі жыл бұрын өзі көзге түсіп жұмыс істеген Амангелді ауданына партия комитетінің бірінші хатшысы болып оралды. Торғай облысындағы Амангелді ауданы тарихы терең болғанымен проблемасы шаш етектен – сол кезде дамуы кенже қалған деп танылған республикадағы 30 ауданның катарындағы өңір болатын. Алайда, ойы он саққа жүгіріп, «қалай болар екен» деп күдікпен келген күрделі ауданнан 1990 жылы облыстық атқару комитетінің бірінші орынбасары – облыстық агроөнекәсіп бірлестігінің төрағасы болып лауазымы өсіп, мерейі тасып аттанатынын әрине, ол кезде ойламаған да болар.
Әбекеңнің іс тетігін білетін шаруашылық басшысы ғана емес, кең тұрғыда ойлай алатын саяси қызметкер дәрежесіне осы ауданда көтерілгендігі де айқын еді.Бірінші кезекте, жергілікті кадрларға арқа сүйеумен қатар, облыс көлеміндегі іскер жігіттерді ауданға шақырып, іске жаңа күш, жаңа леп әкелуді көздеді. Оның бұл қадамына алғашында тіксіне қарағандар болғанымен, олардың іскерлігі мен жаңа істерін көрген аудан халқы жақсы қабылдады.Ауданда ескерілмей жүрген жас кадрларға назар аударып, іскер әйел адамдарды қоғамдық ұйымдарға араластырып, басшылық қызметтерге тарта бастады. Бұл жағдай да қазақы ауданға ерекше серпіліс әкелген қозғалыс болды. Халық арасында жаңа есімдер пайда болып, жаңа бір толқын аренаға шықты.Жасыратыны жоқ, ауданда ондаған жылдар бойы ықпалды орындарды иемденіп, жылы орындарынан айырылмау қамын көбірек ойлайтын басшылардың аз емес екендігі көзге көрініп тұрды. Әсіресе, шаруашылық басшыларының арасында 10-15 жыл отырып, ілгері басу емес, барлық шаруаны бітіргендей «болып толып» жүретіндері де жетіп артылатын. Бірақ оларды орнынан қозғай қою оңай емес болып шықты. Өйткені осы жұмысқа келгеннен бастап, өзі жақсы танып, құрмет тұтатын лауазымы жоғары талай ағаларының звоногы алдын-ала келіп жататын. Жоғарыда отырған беделі зор ағалардың сөзін қимай, жақсы атты болып жүре беруге болар еді, бірақ сеніп тапсырылған аудан тағдыры оны көбірек толғантты.Бірде аудандық партия комитетінің бюросында бір совхоз директоры айтылған сынды ауыр алып, «Сіз сияқты хатшылар келеді – кетеді, біз қаламыз» деп астамшылық танытты. Сол жерде «бұл сөзді естіп, басындырып қойғанша, орнына қояйын» деп шамырқанған хатшы оны орнынан босатты да жіберді.Ол кезде Алматының номенклатурасында тұратын совхоз директорын обкоммен келіспей бюрода орнынан босатып жіберу деген бола бермейтін шаруа. Осы шешімі үшін облыстың бірінші басшысы алдына барып жауап беруіне тура келді. Өзінің дұрыс шешім қабылдағандығын дәлелдей алды. Бірақ дандайсыған талайлар осыдан кейін-ақ ауданда аяғын тарта бастады. Біреуге арқа сүйеп өмір сүруге болмайтындығына көздері жетті. Ұстанған принципі арқасында бұл түйін де бірер жылда шешімін тауып, іс оңға баса бастады. Жұмыс та жүріп, аудан зор жетістіктерге жетті. 1988 жылы аудан Қазақстан Республикасының, 1989 жылы Одақтың Ауыспалы Қызыл туын жеңіп алып, есімі Алтын кітапқа жазылды. Аудан халқы сол жылдарда бір серпіліп, ерекше қуанышқа бөленді. Көптеген еңбек адамдары наградалар мен сый-сияпаттарға ие болды.
Бүгінгі таңда Аманкелді Төлеубайұлы Амангелді ауданы төңірегінде шаруашылық басшысынан аупарткомның бірінші хатшысына дейінгі қызмет атқарған 10 жыл уақытын ерекше сезіммен еске алатыны бар. Өзі туып өскен Қима мен Жақсы, Есіл бойы тың аймағы атанып, егіншіліктің арқасында экономикасы қалыптасқан елге айналғанымен, ата дәстүрі мен қазаққа тән мінез – құлықтан да арыла бастағанын Амангелді ауданында жүргенде айқын байқағанын жасырмай айтып отырады. Кейде «Сол жерде жүріп көп нәрсені көңілге тоқығанымды енді сезініп жүрмін» деп әзілдейтіні бар. Балалары болса, қалың қазақ ортасында өскендіктен, ел ішінің мінезін бойына сіңіріп өсті. Жан жолдасы Қарлығаш ұл-қыздарының сол елді жатсынбай, араласатын дос –жарандарының көп болуына назар аударды. Әлі күнге дейін Садырбековтер әулетінің сол өңірмен байланысы мен сыйластығы, араластығы үзілмей келеді. Ал, Әбекеңнің өз басы болса, ол жақтағы оңды өзгерістерге марқайып, жамандық естісе жаны жабырқап, ел ішіндегі азаматтардан жақсы хабар ғана күтеді.
Аманкелді Төлеубайұлының тағдырына бетбұрыс әкелген тағы бір сәт еске түсіп отыр. Ол жағдай – ел экономикасы күйзеліске түскен 1990 жылдардың басы болатын. Осы тұста Әбекеңнің облыстық жекешелендіру комитетінің төрағасы ретінде ең бір күрделі мәселелермен жатпай-тұрмай айналысып жүрген кезі. Сол уақытта ел Президенті ғарышкер Талғат Мұсабаевтың жерге аман- есен оралуын өзі қарсы алу үшін Арқалыққа келген. Осы шарадан соң облыс активімен кездесті. Активте алдын-ала ұйымдастырылған бір топ жекешелендіруге қатысты Садырбековке біраз сындар айтты.
Барлық жағдайды бақылап отырған Мемлекет басшысы:
– Аманкелді, сен шықшы трибунаға, мына жұрт не деп отыр? – деп оны ортаға шақырды.
Міне, осы бір сын сағатта Садырбеков өзіне тән өткірлігі мен батылдығын тағы да танытты. Мәртебелі басшы алдында өз позициясының дұрыстығын ғана дәлелдеп қойған жоқ, оның жұмысына облыс басшылығы тарапынан жасалынып отырған кедергілер мен қарсылықтарды да ашып көрсетті. Осы жағдайды бірден түсінген Елбасы сол жерде оған қолдау көрсетумен қатар, Президент аппаратына шақырып, қызметін жоғарылатып кетті.Осылайша, Президент аппаратында бірер жыл жауапты қызмет атқарып, саяси көзқарасы мен таным көкжиегін одан сайын кеңейте түскен Аманкелді Төлеубайұлы 1995 жылы Торғай облысы әкімінің бірінші орынбасары болып оралғанда оның іскерлік қарымын бұрыннан жақсы білетін ел-жұрты қуана қарсы алған болатын.
Көптеген жақсы істердің ұйытқысы болып жүретін Амангелді Садырбеков өткен 2021 жылы көкшеліктердің бастамасымен Көкшетау қаласында Е.Н.Әуелбековке ескерткіш орнатылатын кезде де сабыр тауып отыра алмады. Мемлекеттің емес, халықтың қаражатымен атқарылған бұл шаруаның негізгі салмағын Ақмола облысы көтергенмен, Ерекең қызмет жасаған Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының қатарында бұрынғы Торғай облысы халқы да өз үлестерін қосуы қажет деп білді. Сондықтан да, осы іске бел шешіп, сыбанып кірісті. Барлық ұйымдастыру жұмыстарын өз мойнына алған Аманкелді Төлеубайұлы ұстаз алдындағы азаматтық парызын абыроймен орындауға аянбай кірісті. Қаншама іс басындағы азаматтармен сөйлесіп, Еркін Нұржанұлының Торғай елі үшін жасаған жақсы істерін естеріне салды. Өзіне тән өткірлікпен жедел қимыл көрсеткен Әбекеңнің арқасында айналдырған бір-ер ай ішінде Көкшетаудағы Әуелбеков қорына 8 млн теңге көлемінде қаржы аударылды. Бұл да болса, А.Т. Садырбековтің қайтпаған тегеуріні мен адамдық деңгейі, сонымен қатар ел ішіндегі абырой беделінің биіктігі.
Өз басым Амангелдінің атына сырттай қанық едім. Кейін танысудың сәті түсті. Қарауыл – Шұңғыршаның Шұғыл тармағынан – біз, Сүйіншәліден – Амангелді тарайды. Яғни, бізбен аталас болып келеді. Осыдан бірер жыл бұрын Зеренді ауданына қарасты Ақан ауылында мешіт ашылған кезде құрметті қонақтардың қатарында осы кісі де болды. Біз өз атамыз Ақан батырдың атынан киіз үй құрып, мәртебелі меймандарға дастархан жайған едік. Сол кезде Амангелді Төлеубайұлымен танысып, білісіп, бірден әңгімеміз жарасып жүре берді. Содан таныстығымыз жалғасты. Ол азаматтың іскер басшы және жақсы істердің ұйытқысы ретінде басы-қасында жүретінінен хабардар болғандықтан, Еркін Нұржанұлы Әуелбековке арнап Көкшетауда ескерткіш ашу жұмыстары басталғанда ел үшін аса маңызды істен тыс қалмағаны да көңілге қуаныш ұялатты. Әрі халқының ардақтысына арналған кітаптың шығуына да мұрындық болып, ұйымдастыру жұмыстарының барысын үнемі хабарласып біліп отырды. Өзін сөзінде тұратын мықты азамат екенін танытты және оған деген құрметім де арта түсті. Бүгінгі жазылып отырған мақала Амангелдідей арда ұлға деген ықыласым мен пейілімнің бір белгісі.
Құрметті демалысқа шығып, маңдайға жазған ғұмыр жолының жеті белесін артқа тастаған – 75 деген мерейлі жасқа толып отырған Аманкелді Садырбековтің астанадағы күнделікті тірлігі де қуанышқа толы. Жанындағы жарты ғасырдан астам жарасты өмір сүріп келе жатқан жан жары Қарлығаш екеуі балдай тәтті немерелеріне ардақты ата, аяулы әже атанып, қарттықтың қастерлі бір кезеңін бастан кешуде.
Шияп Әлиев, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.