Жаңа атаулар беруде тарихи таным мен ұлттық бірегейлік сақталуы тиіс

ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯЛАРДА

Ақмола облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында ономастика және облыс аумағындағы тарихи-мәдени мұраны пайдалану мен танымал ету  мәселелері қаралды. Аталмыш комиссияның төрағасы, депутат Саят Сыздықов төрағалық еткен отырысқа мәслихат депутаттары мен басқарма басшылары қатысты.

Күн тәртібіне сай, ономастика мәселелері бойынша облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова баяндама жасап, өңірдегі елді мекендер мен көшелерге атау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Қазіргі уақытта елді мекендер мен көшелерге атау беру, қайта атау жұмыстары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес жергілікті әкімдіктердің ұсыныстарымен, Жол картасы негізінде жүзеге асырылады. Бекітілген жол картасына сәйкес Көкшетау қаласының «Парк борцам за революцию» саябағын «Бәйтерек» саябағына қайта атау жоспарланған болатын.  2025 жылғы 7 қарашада аталған саябақты қайта атау мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы шықты. Енді оны облыстық мәслихаттың қарауына енгізбекшіміз. Аталмыш саябаққа «Бәйтерек» атауын берудің өзектілігін ескере отырып, оң шешім шығаруға қолдау білдірулеріңізді сұраймыз, – деді басқарма басшысы.

Десе де, бұл мәселеге облыстық мәслихаттың депутаты Нұртас Ахатұлы өзінің ой-пікірлерін білдіріп, бұған дейін аталмыш саябаққа «Алаш арыстары» атауы ұсынылып, оның республикалық комиссия тарапынан қолдау таппағанына көңілі толмайтындығын жеткізіп, «Бәйтерек» сөзінің шығу этимологиясын ұмытпау қажеттігін ескертті. Бұл ретте, қосшылық депутат Айдын Төребаев саябақ сияқты ауқымды аймақтарға дәстүрлі атауларды бергенде абай болу керектігін айтты. Мысалы, бір ғана «Бәйтерек» атауымен қазіргі уақытта облыс орталығы мен аудан-қалаларда, басқа елді мекендерде де арнайы орындар мен сауда-саттық, бизнес орталықтары секілді нысандар қаптап тұр. Сондықтан, депутат саябаққа дәстүрлі атаудан гөрі тарихи маңызы бар атау беру керектігі туралы пікірін орынды қозғады. Сонымен қатар, ол елді мекендерге, белгілі бір демалыс аумақтарына атау беруде халықпен насихат жұмыстарын жүргізу керектігін, тарихи дәлелдермен түрлі ақпараттар таратудың маңыздылығын атап өтті.

– «Алаш арыстары» атауын облыстық ішкі саясат, мәдениет басқармаларымен келісе отырып, республикалық комиссияға ұсынып едік, бекітпей қойды. Оның себебі белгісіз. Былтырғы Ұлттық құрылтайда осы комиссияның мүшелері болып келетін Мәжіліс депутаттарымен кездесіп, бұл атауды неге қолдамағандарын сұрадым. Мәселе комиссия мүшелерінде емес, Президент әкімшілігінде немесе Орталық органда. Әйтеуір, бір жерде әлі күнге дейін Алаш кемеңгерлерінің құрметіне атау беруде немесе осындай мәселелерді талқылауда оған қарсылық тәрізді бір табу бар сияқты. Бұл жерде басқарманың кінәсі жоқ, – деп мәселенің мәнісін түсіндірді Нұртас Ахат.

Бұдан әрі басқарма басшысы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін ұлықтау туралы бекітілген тізімде Ақмола облысы бойынша атауы жоқ 8 көшеге келісім берілгенін айтты. Нәтижесінде Көкшетау қаласының бір көшесі  мен Қосшы қаласының үш көшесі және Целиноград ауданының төрт көшесіне Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері беріліп, тиісті заңнама талаптарына сәйкес тіркелген. Сонымен қатар, ардагерлердің есімдерін ұлықтау бойынша қосымша тізімге сәйкес Көкшетау қаласының атауы жоқ үш көшесіне және Қосшы қаласының атауы жоқ төрт көшесіне Ұлы Отан соғысына қатысқан 7 ардагердің есімдерін беру мәселесі республикалық ономастика комиссиясына жолданыпты.  Тағы бір айта кететін маңызды ақпарат, елді мекендердің көшелеріне қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан азаматтардың есімдерін беру туралы тиісті министрліктен 16 қазанда тапсырма берілген. Ақмола облысы бойынша 13 тұлғаның есімі ұлықталатын болады.

– Елімізде ономастика бағытындағы қайта атау рәсімдерін өткізген кезде, сонымен қатар, облыстық ономастика комиссиясына келіп түскен ұсыныстарды қарастырғанда, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген «Тарихи тұлғалар», «Дәстүрлі атаулар» және «Жер-су атаулары» басшылыққа алынады. 2026 жылға арналған жол картасына облыс аумағындағы атауы  жоқ  және  атауы қайталанатын 75 көшені өзгерту бойынша ұсыныстар жинақталып, келісу үшін тиісті министрлікке жолданды. Оның 72-сіне дәстүрлі атау,  3-еуіне кісі есімі ұсынылды. Сонымен қатар, қызмет бабында пайдалануға арналған құжат арқылы елді мекендерге және мемлекеттік қатысы бар объектілерге атау беру және қайта атау бойынша ұсыныстар уақытша қарастырылмайтыны туралы тапсырма берілгені де айтылды. Сонымен облыста идеологиялық тұрғыдан атауы ескірген 38 ауылды қайта атау қажет, сол ауылдарға жаңадан қайта атау жұмыстарын жүргізу қажет, – деді ішкі саясат басқармасының басшысы.

Депутаттар қалалар мен елді мекендердің көшелеріне атау беруде дәстүрлі атауларды, мәселен жоғарыдағыдай, «Бәйтерек», «Алатау», «Ұлағат», «Мирас» секілді атауларды пайдаланудың орнына тарихи тұлғалардың есімдерін берген әлдеқайда маңызды екендігін атап көрсетті. Бірақ, жоғарыда атап өткеніміздей, қазіргі уақытта белгілі тұлғаларға  көше беру бойынша ұсыныстар қарастырылмайды. Ал, енді осы жолдардың авторы ретінде өз атымыздан қоса кетсек, Көкшетау қаласының Краснояр елді мекеніне барар тұстағы жетінші саяжай аялдамасындағы көшелердің бірінен осы жуырда Вишневая көшесін кездестірдік. Бұл көшедегі үйлердің бәрі соңғы 5-10 жылда салынған жаңа үйлер, оларда тұратындар да кілең қазақтар, көшеде өсіп тұрған шие де көрінбейді. Сонда мұндай орысша атауды кім ойлап тапқан? Міне, өкінішке орай көшелерге жаңа атаулар беруде осындай олқылықтар әлі де де кездесіп отыр.

Бұдан әрі облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитованың тарихи-мәдени мұраны дамыту, пайдалану және танымал ету мәселелері туралы баяндамасы тыңдалды. Ол облыс аумағындағы 1811 тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау және пайдалану бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Айта кету керек, Ақмола облысының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссиясы 20 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Комиссияның соңғы отырысында Абай Құнанбайұлына, Ахмет Байтұрсынұлына және Бөгенбай батырға ескерткіштер орнату мәселелері қаралды. Монументтік өнер ескерткіштерін орнату қағидаларына сәйкес дайындалған барлық қажетті құжаттар мен ұсыныстар Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарауға жолданды, –деді басқарма басшысы.

Мәслихат депутаты Айдын Төребаев Қосшыдағы бір мектепке Абай есімін беру және оның ескерткішін орнату бойынша ұсынысын жеткізді. Сонымен қатар, ол Қосшы қаласында атауы жоқ көшелердің көптігін айтып, шұғыл жағдайларда өрт сөндіру қызметі мен жедел жәрдемді шақыру өте қиын екендігін әрі бұл қызметтер атауы жоқ көшелерді білмегендіктен, ондай шақыртуларға уақытында жете алмайтындығын көтерді. Сөйтіп, өз сөзінде Қосшыдағы атауы жоқ көшелерге атау беру ешқандай шектеулерді күттірмейтін мәселе екендігіне ерекше назар аударды.

Жалпы, қалай болғанда да, елді мекендер мен саябақтарға атау беру саясатында тарихи таным мен ұлттық бірегейлік сақталғаны дұрыс деп ойлаймын. Облыстық мәслихаттың депутаттары да осыны құптайды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар