ТІЛ – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ АЙНАСЫ

Тәуелсіздік туы астында егеменді ел, дербес мемлекет ретінде бастан кешіріп отырған осынау отыз жылымызға тарихи өлшемдер тұрғысынан көз жіберсек, небәрі көзді ашып-жұмған – қас-қағым сәттей болып көрінетіні бар.

Дегенмен, тәуелсіз ел – терезесі тең ел дәрежесінде қадам басқан осынау отыз жылымыз, шын мәнінде, Тағдырлы һәм Сындарлы Жылдар болып табылады. Ұлттық тарихымызға осылайша ырысты да несібелі жылдар болып енеді. Солай болып келешекте де қала береді.

Әлбетте, осынау тағдырлы жылдардың баршамызды шексіз желпіндіргені де мол болды.

Әлбетте, осынау тағдырлы жылдардың бірталайымызды пүшәймандырғаны да жеткілікті еді.

Әлбетте, қалың көпшіліктің дауыл құйынына тап болып, қаңбақша ұшып, сарсаңға түскені де мәлім.

Әлбетте, бәз біреулердің аспаннан шұға жауғанындай, кенеттен әбілхаят теңізіне шомылып, ұшпаққа шыққаны да белгілі.

Әрине, мұның бәрі қоғамдық қатынастардың күрт өзгеруіне байланысты әлеуметтік сілкіністерден туатынын ешкім де жоққа шығара алмайды.

Жаңа заман, жаңа қоғам әлеуметтік-рухани кіріптарлықтан-бодандықтан арыла отырып, енді өзінің мұрат-мүддесін көздейтін тың талаптарды, тосын міндеттерді алға шығарады.

Саяси әлеуметтік теңдікке қол жеткізген осынау тарихи отыз жылымызда талай-талай жәйттерге басқаша көз жеткізе бастадық, мүлде басқаша көзқараспен қарай бастадық. Бұл үрдістің өрісін ұзартатын аясы, әрине, рухани әлеміміз – тіл мен әдебиетіміз, өнер мен мәдениетіміз екендігі даусыз. Осы орайда, кешегі кеңестік идеологияның үстемдігінен, цензурасынан құтылдық. Дегенмен, ескі көзқарастардың сарқыншақтарынан әлі де толық арылдық деп айта алмаймыз. Мұның бір көрінісіне ана тіліміздің әлі күнге дейін өзінің заңды мәртебесіне қол жеткізе алмауын жатқызар едік.

Елбасы Қ.К.Тоқаевтің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы «І. Заман талабына сай тиімді мемлекет» тарауы, төртінші «Қоғамдық келісімді нығайту» тараушасында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – делінген болатын.

Бұл пікірге сүйенсек, қазақ тілі болашақта әрі мемлекеттік, әрі ұлтаралық тіл болмақ. Алайда бұл біртіндеп, сабырлықпен зәрулік тудыра отырып жүзеге асырылатын процесс болуы қажет. Мұнда тілді байбаламға басып, «аюға намаз үйреткен – таяқ» қағидатын ұстана, «тізеге салып», қысастықпен үйретуге болмайды. Тіл саясаты толымды, салиқалы да ымыралы (пәтуәлі) мәжбүрлеуді қажет етеді. Ұлт тілін тұтынушыларға, үйренушілерге диалогтік, тілдік орта, қолданыстық ая қалыптастырған жөн болады.

Өзге этностар мен өз тілін өгейсіп жүрген қандастарымызды қамқорлықпен бауырымызға тартып, ғұлама Н.Оңдасыновтың: «Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден май тамады десе де сияр. Халықтың

тіліне, жырына құлақ салсаң, не бір алуа шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне… Осындай майда, сұлу тілді қалай өгейсуге болады…», – демекші, оларға қазақ тілінің сұлулығын, әлеуеті мен қолданыс қажеттілігін шебер ұйымдастыра түсіндіруіміз қажет. Қазақта «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер», – деген аталы сөз бар. Ендеше, алдымен қазақ қазақпен өз ана тілінде сөйлесу тектілігі, бүгінгі күн талабы болғаны жөн. Яғни, қазіргі басты нәрсе – осы тектілікті «Әр қазақ, менің жалғызым!» (Сабыр Адай) демекші, әр қазақтың жүрегіне дендете жеткізуде тұр. Тарих пен қазіргі заман қашанда бірін-бірі демеп, қол ұстасып ілгерілейді. Тек тарихтан саяси және адамгершілік сабақтарын ала білгенде ғана қазіргі мәселелердің түйінін тарқатуға болады.

Тілімізді ұлтаралық тіл дәрежесіне көтеру үшін Конституцияға өзгеріс енгізілетіні белгілі. Ол үшін бүкілхалықтық референдум өткізіліп, бүкіл қоғам пікірі тыңдалғаны орынды болады. Бұл жағдайда Тіл туралы жаңа заң қабылданатыны да айтпаса да түсінікті.

Біз бұған дейін «Тіл – қатынас құралы» деп келдік. Туған тіліміз – ана тілі – қазақ тілі де мемлекеттік тіл дәрежесінде тағы сол қатынас құралы ретінде жұмсалып келді. Алайда ол кең тыныстап, адымын алшақ ашып, қарыштап дамып, қоғамның барлық сатысында қолданыс таба алмады, оған деген зор қажеттілік тумады. Мемлекеттік тіл бола тұра, ол толыққанды кеңсе тілі болмады, іс қағаздары қазақ тілінде жүргізілмеді.

Белгілі бір мемлекеттік құжат алдымен орыс тілінде жасалып, содан кейін ғана ол қазақ тіліне аударылып берілді, яғни мемлекеттік тілдегі құжат ұлтаралық – орыс тілдегі нұсқасының дәлме-дәл көшірмесі ретінде қолданыс тапты әрі оған онша да зор мән берілмеді, тек әйтеуір сол «аудардық қой» деген көзқарас қалыптасып кетті. Тіпті кез келген мекемеге барсаңыз, толтыруға берілетін бланктердің қазақша нұсқасында қате атаулы өріп жүретініне де көз үйрете бастадық, бұл, әрине жол беруге болмайтын немқұрайлық болып саналуы қажет.

Сөйтіп, өз ана тіліміз өз жерімізде екінші сұрыпты тілге айналды. Ол қоғамда көшірме, аударма тіл қызметінде жұмсалып келді. Оған себеп: тіліміз елде үстемдік құрып тұрған ұлтаралық тіл – орыс тілінің көлеңкесінде қалып қойды, мемлекеттік тілден гөрі ұлтаралық қатынас тілінің дәрежесі, рөлі мен қолданыс аясы артып кетті. Халықтың сұранысы өзге тілге ауды.

Бүгінгі ана тіліміздің мәселесін мен айдалада тоқтап қалған өгіз жеккен арбаға ұқсатамын. Халық өлеңінде айтылғандай, қара жолмен сықырлап арба келеді. Не асфальт, тас жол жоқ: аяқтың асты – батпақ, жолаушылардың үсті – сатпақ. Арбаны көздеген жерге алып бару үшін ең алдымен қамыт киген өгіз мықты болуы керек, оның шамасы жетпесе, айдаушы іскер болуы шарт, оның да қолынан келмесе, кездейсоқ жүргіншілер мен арнаулы жолаушылар бейнетіне көніп, бірі тегершігін итеріп, бірі өгізді сүйреп, біреуі жол көрсетіп дегендей, көпшілікпен бітетін жұмыс.

Бізде сөз көп те, іс шамалы. Ал құр айқаймен есекті де жұмысқа жеге алмайсың. «Тәуелсіздік алғалы пәлен жыл», – деп жатырмыз. Одан бері бірінші сыныптың табалдырығын аттаған бала кәмелетке келетін уақыт болды ғой. Тілі қазақша шыққан бала енді қазақша сөйлей алмай тұрса, оған кім кінәлі?! Оны «сақау» деп те, «мақау» деп те айта алмаймыз ғой. Алаштың көсемі Ахмет Байтұрсынұлы айтқан халықтың көзі, құлағы тілі болатын төл басылымдарымыз жеткілікті ме? Өзге ұлттарды төрімізге шығарып, өзіміз босағада қалатындай не жазығымыз бар? Осыдан он шақты жыл бұрын балаларымызды қазақ балабақшалары мен мектептеріне беріп, жиналыстарда ана тілімізде сөйлеп, марқайып қалып едік. Сол үрдіс жалғасын тауып жатыр деп айту қиын. Өйткені «қазақ тілі тағы қалды тасада, ұқсап тұрмыз Ақаң айтқан масаға…».

Теледидарды ашып қалсаң да, радионың құлағың басып қалсаң да, газеттерді парақтасаң да, журналдарға қарап қалсаң да, басымдық орыс тілінде. Қазақстандағы, әсіресе, облыс орталықтарындағы орыс тілдес газеттер қазақ елі емес, басқа мемлекеттің басылымы секілді. Өйткені оларда халқымыздың тілі мен діні, салт-дәстүрі, әдебиеті мен мәдениеті туралы мүлде жазылмайды, немесе ара-тұра, тиіп-қашып жазылады. Олардың

көпшілігі христиан дінін уағыздайды, орыс немесе батыс мәдениеті мен әдебиетін насихаттайды. Бір ғажабы – сол басылымдар тендерде «жеңімпаз» атанып, мемлекет тарапынан оларға қаржы бөлінеді. «Қазақ тілді басылымдардың жан айқайын күнде оқып жүрміз», – десек те, олардың көпшілігі өз қотырын өзі қасығандай әсер қалдырады. «Мемлекеттік тілді білмейтін шенеунік немесе қазақ тілінде сөйлемейтін депутат қызметтен кетсін немесе депутаттық мәртебеден айырылсын» дейтін сөздер де естіледі.

Не істеу керек?! Сұраныс бар жерде қажеттілік пен қолданыс бар. Ана тіліне қолданыстық ая, өре жасауымыз керек. Ең алдымен, таза қазақша балабақша (аралас емес), мектептер (аралас емес) ашылуы қажет. Аралас деген нәрсенің өзі кейде, біздің түсінігімізде «дүбәра, қалаймақан, мәңгүрт» сөздерімен астасып жататыны белгілі. Біз аралас балабақша мен мектептерде бала оқытып, тәрбиелеп еш опа таппаймыз.

Онда оқыған бала үзіліс арасында, бір-бірімен қарым-қатынас кезінде орыс тілінде сөйлеседі, ұғысады. Ондағы жалпы атмосфера орыс тілінде болады. Ендеше, ұлт тілінде мектеп ашсақ, ол таза қазақша дәріс беретін білім ошағы болуы керек, ал орыс тілінде ашылса, ол таза орыс тілінде сабақ жүргізуі қажет. Аралас мектепте оқыған бала не орыс тілін жөнді меңгермейді, не қазақ тілінде дұрыс сөйлей алмайды әрі ондай балалар ұлт тілін құрметтеуді қаперіне де алмайды, перзенттік борышым деп те санамайды. Себебі ұлтаралық тілде қарым-қатынас жасағандықтан, «өмірге қажет тіл – ұлтаралық тіл – орыс тілі» деген байламға келеді. Сөйтіп болашақта «компьютер басты, дүбәра» ұрпақ тәрбиелеп шығаруымыз әбден мүмкін.

Екінші жақ болса, орыс тілінің өнбейтін дауын даулап, өршелене түседі. Тіл жанашырларының көптеген құнды пікірлері «жартасқа бардым, күнде айқай салдымды» еске салады. Баяғы жартас – бір жартас. Мекемелер мен көше аттарының жазылуындағы өрескел қателер туралы БАҚ аттан салып жатады. Бірақ сын түзелгенмен, мін түзеліп жатқан жоқ. Өйткені билік басындағылардың дені – орысша ойлайтындар, сол тілде сөйлейтіндер, «қазақ тілін өрге шығарайық», – десең, «әлі оған ерте, қой!» дейтіндер.

«Сең қозғалды ма?» дегенде, премьер-министр мен кейбір министрлеріміздің тілі келсін-келмесін ана тілінде сөйлеп жатқанынан үміт етеміз. Бірақ мемлекеттік тіл мәселесін кейінгі кезде жиі өткізіліп жүрген түрлі байқаулар мен көрмелер, өзге ұлт өкілдері арасындағы жарыстар түбегейлі шеше алмайтыны туралы қазақ басылымдары жазудай-ақ жазып жатыр. Қазақ тілі әр отбасымен қатар мемлекеттік ұйымдарда, мектепте және мәдени ошақтарда басымдыққа ие болғанда ғана бөркімізді аспанға атуға болады. Біздің теледидарды жаулап алған, көбінің мазмұны жеңіл айтыстарда тіл мәселесі жиі айтылғанына ғана қуанбасақ, «мұндай хабарлар қазақ халқының мәдени өресін танытады» деп айту қиын.

Оның есесіне зиялы қауым өкілдерін көбірек сөйлетіп, осы тақырыпқа орыс тіліндегі бағдарламаларда да жиі оралып отырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Көгілдір экранда, әлеуметтік желілерде ана тілін қасиет тұтатын белгілі қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушыларымыз бен ғалымдарымыздың тұрақты мінбері болуы керек. Содан кейін кейбір министрлеріміз бен жоғары лауазымды шенеуніктердің орыс тілінде сөйлегенін қазақ тіліндегі хабарларда мүлде көрсетпеуге тырысу керек. Олардың сөздерін қазақшаға аударып бергеннен не ұтамыз?! Босағада қалған қазақ тілін төрге шығару үшін ана тілінде тәулігіне 24 сағат бойы сөйлейтін арнаулы телеарна керек. Қазақ радиосы да үзіліссіз эфирге шығуы керек.

Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын көптеген республикалық және облыстық газеттерді орыс және қазақ басылымдарын біріктіріп, екі тілде шығарсақ, ұтар едік. Мәселен «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» көбінесе бір тақырыптағы материалдарды жариялап келе жатқаны шындық қой. Мұның өзі, бір жағынан, қаржы үнемдеуге әкелсе, екінші жағынан, тіл үйрету мектебі болар еді. Жарнамадан түскен қаржы да бір астауға құйылар еді. Мемлекеттік тілдің мүддесін қызғыштай қорғайтын орыс тілді басылым да ауадай қажет. Ұлттың тілден алыстауы – сөз бен істің қабыспауы. Сөз жүзінде «қазақ тілін дамытайық» деген қайраткерсымақ іс жүзінде ана тілін өзге тілден кем көрсе жағдай қайдан түзелсін?! Сөзі басқа адамның ісі басқа болған соң олардан қандай үлгі-өнеге алуға болады?!

Ұлы қаламгер Міржақып Дулатов 1920 жылы «Кедей сөзінде» жарық көрген «Октябрь төңкерісінің үшінші жылы» атты мақаласында («Ақиқат» журналы, №4, 1998) қызыл тілге ерік беріп, тәуекелге бел байлап, ағынан жарылады: «Ешкімге бағынбаған, тірі жанға жалынбаған, еркі өзінде, ерке жауынгер. Ержүрек, жігерлі, өзі көсем, серке еді. Ақкөңіл, ақжарқын, уағдашыл, айтқан сертке берік еді. «Бұл – кім?» – десеңіз, – Қазақ еді! Сарыарқаны жайлаған, есепсіз мал айдаған, соны қоныс, тұнық су, шалғынға бие байлаған, көл жағалай ел қонып, ат шаптырып, той қылып, мереке, қызық күн сайын, жарыс салып жас ұлан, қыз-бозбала ойнаған, уайым жоқ, қайғы жоқ, «Бұл – кім еді?» – десеңіз, бұл – қазақ еді! Құл болды. Құр болды. Жайылып, жатқа бас ұрды.

Басынан ерік, малынан билік кетті. Жер мен судан айырылды. Жігері қатты жасыды. Қоянжүрек қорқақ болды. Партия деген пәлеге жолықты. Бұл – кім? Бұл да – қазақ! Бірақ бұл – орыс патшасына бағынып, өткен күнін сағынып, бір көруге зарығып, жарық сәуле көре алмай, қараңғыда қамығып, жыламсырап, қамыққан қазақ елі». Мақала осындай өлеңге бергісіз, адам айтса сенгісіз, жігеріңді жанитын, намысыңды қайрайтын сөйлемдерден басталады. «Бұл – кім еді?» деген сауалды қайта-қайта қою арқылы автор эмоциялық әсерді одан ірі ұлғайта түседі. Сол сауалдарға да бір-ақ сөзбен: «Бұл – қазақ еді!» – деп жауап береді. Үзінді – ұйқасты сөздерге құрылған қызыл тіл емес, ойлы, жігерлі, айтар ойы анық, бояуы қанық.

Міржақыптың бұл ойы жігерлі де айшықты ана тілі арқылы жұрт жүрегіне жетті. Арада бірталай уақыт өткенде ірі жазушы Әбіш Кекілбай: «Жаңа тәуелсіз мемлекеттер кешегі империяның эпицентріне географиялық жағынан да, менталитеттік жағынан да әлдеқайда жақын тұр. Олардың көпшілігінің былайғы дүниемен тікелей байланысы болмаған. Азын-аулақ қарым-қатынасының өзі тоталитарлық орталық арқылы жасалған. Мәдени, ғылыми, саяси байланыстары да империялық мемлекеттік тіл арқылы жүзеге асқан.

Сондықтан ешқандай батыстық не шығыстық ыңғайластық турасында сөз етуге болмайды. Сондықтан «сандық» ішіндегі «сандық» қалпында өмір сүріп келген шет аймақтық қауымдарға ашық қоғам үрдісіне көшу оңайға түспей жатқандығы түсінікті. Оның үстіне олардың бұған ұлттық мемлекет түгілі, ұлттық қауым ретіндегі даралығы да тым шектеулі еді. Бұның бәрі астыртын адамзаттық қоғам құрмақ түгілі, жөні дұрыс оппозиция иемденуге де мүмкіндік бермеді. Ашық қоғамдармен тікелей байланыстарға шығуға еш саңылау қалдырылмаған қауымдарда диссиденттікке де жол берілмейтіндігі, Арктикада апельсин өспейтіндігі секілді, өзінен-өзі белгілі ақиқат. Олардың үйде тұрып маңыраған жетім лақтай, өз тағдырына налыған өкпе-наздарынан қалған әлем бейхабар жатты», – деп толғанды.

Әлқисса, адам табиғатпен біртұтас, үндес жаратылыс болса, оның тілі – адамзат жаратылысының басты қасиеті һəм ерекшелігі. Сондықтан адамзат тілінің табиғатын, тілдің қағидалары мен заңдылықтарын зерттеу мен зерделеу бүкіл адамзат болмысын зерттеп-танумен парапар. Адамзат болмысы əр халықтың, ұлттың тарихымен тығыз байланысты. Сондықтан халықтың басынан өткен тарихи кезеңдері, ділі мен діні, өмірі мен өнері тілінде көрініс тауып жатады. Отан мен отбасы, елдік пен ерлік, ырыс пен ынтымақ, береке мен бірлік, білім мен тəрбие тəрізді ұлттық құндылықтар сөзбен өріліп, тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалады.

Ол аз десеңіз, тіл – дүниедегі жаратылыс құбылыстарының ең күрделісі, адамзат болмысының ең жұмбақ көрсеткіші, әлемдегі ең құнды рухани байлықтың көзі, «болмыстың панасы» – «язык есть дом бытия» (Мартин Хайдеггер). Ол адамның ойлау, қабылдау, пайымдау, сөйлеу қасиеттерінің тұтастығымен ерекшеленеді. Тілдің сөз бірліктерімен сабақтасқан мазмұны, дыбысталу аппаратымен бірлескен формасы оның күрделі де ерекше құбылыс екенін көрсетеді. Сонымен қатар тіл – дүниедегі сыртқы-ішкі жасанды күштердің әсерімен өзгертуге, түзетуге, жаңартуға, қолдан жасауға болмайтын жаратылысы бөлек табиғи құбылыс. Өйткені тіл мен сөз – жер бетіндегі табиғат құбылыстарымен қатар жаратылған, тіршілікпен, адаммен егіз қаланған дүние ғажайыптарының бірі. Бұл жайында Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы былай дейді: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі».

Əрбір ұлттың өзіндік биік мұраты, əр тілдің өзіне тəн қадір-қасиеті бар. «Тіл – халықтың автопортреті. Əр тіл – өз орнында ұлы. Əр тіл – бүкіл адамзат қазынасының ортақ палитрасындағы өз орнымен қымбат», – дейді терең ойшыл Шыңғыс Айтматов. Қазақ халқы мен қазақ тілінің тағдыры – бірге өрбіп, бірге дамыған, тұтасып жатқан бір əлем.

Қазақтың тіл əлемі тұнып тұрған философиялық ойдан, құнды сөзден тұрады. Құнды сөз құнарлы ойдан туады, ой неғұрлым терең болса, сөз мазмұны соншалықты көрікті, сөз соншалықты əсерлі болады. Тілдің құдіреті – сөздің құдіреттілігінде, сөздің құдіреті оның мəнінде, мағынасында.

Тілдің пайымдау, қабылдау, хабарлау қызметі адами факторлардың басын біріктіретін, адамзатқа тән барлық қасиеттерді бір арнаға тоғыстыратын мазмұн мен мәннің бірлігінен тұрады. Тілдің мәні мен мазмұнын «Ұлы дала елінің» басты тұғырлары: жер, ел, ұлт, діл, дін деген ұғымдар ұстанымын елдік мүдде тұрғысынан іске асыратын «Рухани жаңғыру» идеясының негізгі қағидалары айқындайды. Мемлекетіміз ұлттық сана мен ұлттық кодқа негізделген идеяны басшылыққа ала отырып, әлемдік өркениеттің озық үлгілерін меңгеру арқылы бәсекелестікке қабілетті елдер қатарынан орын алады.

Қазақ елінің этностық идентификациясы – ұлттық тіл мен ұлттық руханият. Ұлттық руханиятты өрістетуге, өркендетуге бағытталған Алаш арыстарының еңбектері мен мұралары – Қазақстанның елдігі мен бірлігін сақтайтын, ұлттың білігі мен білімін арттыратын рухани тамырлары. Бұл мәселелер жөніндегі Алаш арыстарының пікір-көзқарастары мен ұстанымдарын «Рухани жаңғыру» жағдайында «елдің дамуына, өркендеуіне тірек болатын мәдени-рухани негіз» деп қабылдаған жөн. Жиырмасыншы ғасыр басында ел тәуелсіздігін, ұлт мүддесін қорғау жолында еңбек еткен, көш бастаған Алаш арыстарының ұстанымдарына сүйенсек, олар аманаттаған: «Өмір мұраты – азаттық», «Адам мұраты – тәрбие», «Ұрпақ мұраты – білім» деген қағидалар қазіргі ХХI ғасырда Ұлы дала елін сақтаудың, адамзаттық құндылықтарды игерудің, келешек ұрпақты өркениетке жеткізудің негізгі бастауы, қайнар бұлағы болып табылады.

Алаш идеясының талаптарын бүгінгі үздіксіз білім беру жүйесінде интеллектуалды дара тұлға тәрбиелеу барысында зерттеп-зерделей отырып, рухани жаңғыру аясында жан-жақты пайдалану өрісімізді кеңейтіп, білім мен білігімізді арттырады. Осы тұрғыдан келгенде, Алаш арыстарының тілдің әлеуметтік қызметі мен ел тәуелсіздігін баянды ету жолындағы рөлін атап көрсеткен пікір-көзқарастарын жадымызға түйіп, көкірегімізде сақтап; өмір сүру, білім беру, бала тәрбиелеу үдерістерінде толық іске асырғанымыз абзал. Ел тәуелсіздігі үшін күресе отырып, олар тілдің қоғамдық-әлеуметтік мәні мен маңызына айрықша назар аударды. Алаш қайраткерлерінің тіл туралы пікірлеріне зер салсақ, алаш зиялыларының бірі: «Тіл – ұлттық рух», – десе, екіншісі: «Көшбасшы болудың тірегі – тіл», енді бірі: «Тілсіз ұлт жоқ» немесе: «Тілді сақтау – рухани парыз», – дейді. Осының бәрі тілдік руханияттың ұлт пен ел тәуелсіздігі жолындағы маңызын, алатын орнын айшықтайды.

Тəуелсіз мемлекет ретінде қазақ елінің қазіргі таңда алдында тұрған басты міндеттерінің бірі – өткенін сұрыптап, бүгінгісін таразылап, болашағын бағдарлау. Қысастықпен бұрмаланып келген тарихымыздың қордалана бастаған қателіктері мен қайшылықтарының ақиқатын айтудың мүмкіндігі енді туды. Қазақ еліне тәуелсіздік келгеннен бері талай игі істер жасалып жатыр. Соның ең өзектілерінің бірі – рухани байлығымызды жаңаша бағамдау.

Бұл қазақ халқының тарихына, мәдениетіне, ғылымына, өнеріне, ән-күйіне, тұрмыс-тіршілігіндегі әрқилы машықтары мен тәлім-тәрбие саласындағы үлгі-өнегесіне, сайып келгенде, рухани әлеміне жаңа заман биігінен қарап, салыстыра зерттеу, дәстүрдің озығы мен тозығын айқындап, өркениетіміздің бұрмаланбаған келбетін, ылайланбаған кәусәр ойын сол қалпында жеткізу, жалғандыққа ұрынбаған шын табиғатын таныту мақсатынан туып отыр. Осымен байланысты мəселенің өзегі ұлтты ұйытып, тұтастыратын арқауды анықтау десек, ол арқау – тіл. Тіл құдіреті арқылы ұлттың рухани тарихы мен таным-тəжірибесін сақтайтын қазынасы бізге жетеді, танылады. Кешегі өткен ата-бабаларымыздың елдік мұрат-мүддесін айшықтап, азаттық

үшін күрестегі ұлттық рухын көтеретін қуатты құралы да тіл болса, ұлттық санасы жаңа сапада жаңғырған Қазақ мемлекетінің тарихи кезеңі – бүгінгі таңда да тіл ұлтты тұтастыратын ұлттық идеяның негізгі мəні жəне құралы болуға тиіс.

Əрине, өзінің ұлт тұтастырушылық қызметіне орай оның нақты тарихи кезеңнің контексінде жаңарып, жаңғырып отыруы – заңды құбылыс. Олай болса, ұлттық болмыстың тұрақты белгілерін сақтай отырып, сонымен бірге оның мезгілдік сипатына сəйкес осы кезеңмен сабақтастығының нақты көрінісі тілде қалай көрінеді?

Осы мəселенің тілдік дəйегін анықтап, тілдің ұлт тұтастырушылық қызметін дəлелдеп, деректейтін, атап айтқанда, ұлтты ұйыстырудағы ежелгі замандардан бергі халықтың рухани-танымдық тəжірибесін айғақтайтын – тіл арқылы сақталған, ұлтқа тəн көркемдік жүйеде көмкерілген сөз өнері.

Олар – ұлттық болмыс-бітімін, дүниеге көзқарасын, рухани-мəдени құндылықтарын, əлеуметтік мəнін ұлттық таным қорында жинақтаған тілдік таңбалар. Себебі қазақ ұлты да басқа ұлттар секілді ғасырлар бойы жинақталған ой-тəжірибесін, даналығын, дүниетанымдық көзқарастарын, салт-дəстүрін, т.б. тілінде көрсете білген. Олар халық өмірінің, тұрмысының, мəдениетінің ортақ сипаты ретінде тұтас құрылымдық жүйе құрайды. Ал адамзат үшін ақиқат дүние біреуболғанымен, оны түсіну, тану, сол дүниенің біртұтас бейнесін санада қалыптастыру əрекеттері əр адамда, əр ұлтта əртүрлі деңгейде, сан алуан интерпретацияда беріледі. Сондықтан тіл иесінің ой-өрісіне, дүниені тұтас (концептуальды) таныған жан əлеміне байланысты дүниенің танымдық бөлшектері тілде өзінше көрініс табады. Сөйтіп, тіл иесі танымдық ойын өз тілінде сақталған дүние бейнесіне сəйкес танытуға тырысады.

Олай болса, тілдің осындай терең танымдық мəнін қазіргі қоғамға қалай дəлелдейміз? Əрине, оны дəлелдеу жалаң ұрандық сипатта емес, шын мəніндегі нақты этномəдени деректер арқылы дəйектелген тарихи-тілдік деректерді кешенді түрде зерттеу арқылы іске аспақ.

Тілді халықтың биік рухының өзегі деп, ана тіліміздің асыл қасиеттерін ардақтаған, оның өркендеп дамуына өз қайрат-жігерлерін аямаған, бүкіл саналы ғұмырларын тіл арқылы тұтастығын сақтап, мəдениетін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген ұлттың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дəстүрі негізінде тілдің ұлт тұтастырушылық қызметін айғақтаған әрбір саналы, ұлтжанды қазақтың мұң-зарын, арман ансарларын, мұрат мүдделерін зерделей отырып, қазіргі қазақ қоғамындағы қазақ тілінің мемлекеттік мəртебесіне сай мəні мен міндетін мынадай тұжырымдармен белгілеуге болар еді:

1. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл қызметіндегі ұлтты ұйыстырушылық мəнін күшейтудің тілтанымдық негізін айқындау; 2. Мемлекеттік төл мəртебесіндегі ұлттық тілдің ұлтты рухани тұтастырушылық қызметінің əлеуетін қазіргі заманның əлеуметтік мүдделеріне сəйкес жаңа аялық қолданыстар мен мүмкіншіліктері арқылы толықтыру: атап айтқанда, шаршы топ, көсемсөз, жарнама, салалық мамандар даярлау жүйесі; 3. Қазіргі қоғамның əртүрлі саласындағы (ғылым мен мəдениеттегі, терминдік жүйедегі, ақпарат құралдарындағы, білім беру мен тəрбие саласындағы, қызмет көрсету аясындағы, т.б.) мемлекеттік тілдің коммуникативтік қызметінің арқауын ұлттық идеяға, одан әрі идеологияға табан тірейтін тетігі ретінде тілдік тұғырды ұсыну; 4. Ұлттық рухани мұралардағы (фольклор, жыраулар тілі, прецеденттік мəтіндер, т.б.) тілдің ұлттық-əлеуметтік мүдде қызметін түсіндіру, нақтылау; 5. Тілдің ұлтты рухани тұтастырушылық қызметін «ұлттық сана» мен «ұлттық рух» ұғымдарына сəйкес кешенді (психолингвистикалық, когнитивтік, əдеби-танымдық, философиялық, əлеуметтанымдық, мəдениеттанымдық) сипатта анықтау; 6. Әртүрлі тарихи кезеңге сəйкес көркем текстерде «астарланған», «тасаланған» ұлттық мазмұнды талдау.

Сайып, қорыта келгенде, тілімізді ұрпағымызға қайнар бұлақ суындай таза қалпында жеткіземіз десек, оны қолдануды «Ел болам десең, бесігіңді түзе», – деп ұлы заңғар М.Әуезов айтқандай, төменнен – балабақшадан – өскелең ұрпақ тәрбиесінен бастау керек. Тілді қоғамның барлық сатысында қолдануға күш салған дұрыс. Қазақ тілін қолдануды

қажеттілік ретінде санауымыз қажет. Ал оның бәрі белгілі бір заңмен бекітілгені абзал және ол заңның салтанат құруын мемлекет қатаң қадағалауы тиіс.

Аян ҚАЖЫБАЙ,

Қазақстан ПҒА-ның корреспондент мүшесі,

филология ғылымдарының кандидаты

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар